Беклемишев Анатолий Борисович (1946 жылы туған)

Биология ғылымдарының докторы, профессор


Анатолий Борисович Беклемишев, Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінің түлегі. Алғашқы ғылымдағы еңбек жолын 1969 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Ботаника институтының сол жылы құрылған Мұрат Әбенұлы Айтхожинның ақуыз және нуклеин қышқылы зертханасында бастады. Онда аға зертханашыдан аға ғылыми қызметкеріне дейінгі жолды басып, 1974 жылы М.А. Айтхожинның жетекшілігімен «Биохимия» саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Осы уақыт аралығында ол ақуыз биосинтезінің реттелуін трансляция деңгейінде зерттеуге қызықты. Ол жоғары сатылы өсімдіктер мен сүтқоректілердің рибосомалық қосалқы бөлшектерінен функционалдық белсенді гибридтік рибосомалардың пайда болу мүмкіндігін алғаш рет көрсетті. 1978 жылы М.А. Айтхожинның келісімімен ол молекулалық-биологиялық зерттеулердегі жаңа бағыт  –  гендік инженерия әдістерін игеру мақсатында КСРО-ның Минмедбиопроманың молекулалық биология (Новосібір) БҒЗИ-на жұмысқа ауысады. Сол жерде оның кейінгі айналысатын ғылыми жұмыстарының бағыты айқындалады. А.Б. Беклемишевтің жетекшілігімен молекулалық биология БҒЗИ-да жаңа буын вакциналарды жасауды қолға ала бастады. Осы кезеңде негізгі ғылыми жұмыстар патогенді вирустардың геномдарын құрылымдық-функционалдық зерттеуіне және молекулалық биология мен заманауи гендік инженерияның әдістерін қолдану арқылы вакциналар мен диагностикалық препараттарды жетілдіруге арналды. 1986 жылы А.Б. Беклемишев М.А. Айтхожин құрған жаңа молекулалық биология және биохимия институтында гендік инженерия зертханасын (ГИЗ) басқару үшін Қазақстанға оралды. ГИЗ-да Н.Н. Беляев басқаратын иммунология тобын қосқанда 40-тан астам қызметкер болды. Институт директоры М.А. Айтхожин бұл зертханаға  молекулалық вакциналардың жаңа буынын жетілдіру, рекомбинантты цитокиндер алу, сондай-ақ  полимеразды тізбекті реакция негізінде диагностикалық тест-жүйесін  жетілдіру және денсаулық сақтауға қажетті моноклонды антиденелер алу сынды үлкен тапсырмалар берді. Басымдық берілген тапсырмаларға стафилококк инфекциясына қарсы молекулалық вакцина жасау үшін модификацияланған (уытты емес) стафилококк альфа-токсинді рекомбинантты формада алу,  иммунотерапевті препараттарды жасау үшін рекомбинантты адам цитокиндері – интерлейкин-1β және интерлейкин-3 алу, сондай-ақ иммунноферментті диагностикалық тест-жүйесін жасау үшін стафилококк альфа уытына және энтеротоксин А-ға қарсы моноклонды антиденелерді алу болды. Осы барыста, оның жетекшілігімен (Н.Н. Беляевпен бірге) екі кандидаттық диссертация дайындалды (Г.К Закирьянова және Р.Т. Тлеулиева). Институтта болған жылдары (1986-1992 жж.) А.Б. Беклемишев молекулалық биология және гендік инженерия саласында мамандар тобын дайындады. Отбасылық жағдайына байланысты, 1992 жылы Новосібірск қаласына оралды. Бірақ ғылымдағы байланыстарын жалғастырды және Қазақстан Республикасының ғалымдарымен бірлескен ғылыми жұмыстарға қатысты. Әсіресе, МББИ ақуыз және нуклеин қышқылы зертханасымен бірлесіп, «INCO-Copernicus» халықаралық қоры (1999-2000) қаржыландырған жобаға қатысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЦФХМ ұжымы орындаған К-1482 ХҒТО жобасында (2005-2007 жж.) бірлесіп жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ғылым және технология  саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын ЦФХМ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология факультетінің ғылыми қызметкерлерімен бірлескен зерттеулер (2008-2009 жж.) жүргізді.

 

2004 жылы А.Б. Беклемишев «биохимия» және «молекулалық биология» мамандығы бойынша  «вакциналар мен диагностикалық препараттарды жасау үшін молекулалық биология және гендік инженерия әдістерін пайдалану» тақырыбында докторлық диссертация қорғады, және 2010 жылы оған «Молекулалық биология» мамандығы бойынша  профессор атағы берілді. Қазіргі уақытта А.Б. Беклемишев Ресей медициналық ғылымдар академиясының (Новосібірск) Сібір бөлімшесінің биохимия ғылыми-зерттеу институтында гендік инженерия зертханасын басқарады. А.Б. Беклемишев 230-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы, соның ішінде бір монография және 13 өнертабысы бар. Оның жетекшілігімен 8 кандидаттық диссертация қорғалды.

Show More
Close
Skip to content