БЕЛЯЕВ НИКОЛАЙ НИКОЛАЕВИЧ (1953 жылы туған)

Биология ғылымдарының докторы, профессор


Николай Николаевич Беляев 1976 жылы КСРО Медицина ғылымдары академиясының тамақтану институтының қазақ бөлімінде ғылыми жұмыстарын бастады. Бір жылдан кейін Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтында жұмысын жалғастырды, онда 1982 жылы «Аллергология және иммунология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. М.А. Айтхожин бастамасымен Бүкілодақтық кардиологиялық ғылыми орталығының иммунология зертханасында (Мәскеу қаласы) моноклоналды антиденелерді өндіруге арналған гибридома технологиясын игерген Беляевті осы технологияның жаңа бағытын ұйымдастыруға шақырды. Осылайша 1985 жылы Молекулалық биология және биохимия институтының (МББИ) Н.Н. Беляев қызметкері болды. Мәскеуде білім алғаннан кейін, 1986 жылы Н.Н. Беляев Институттың жаңа зертханасы – генетикалық инженерия зертханасында, Анатолий Борисович Беклемишев бастаған иммунология тобының жетекшісі болды. Н.Н. Беляев тобының ғылыми жұмыстарының нәтижесінде стафилококк альфа-токсин, стафилококкты энтеротоксин, адам альфа-фетопротеині және адам хоригандотропині сияқты медицина үшін маңызды протеиндерге моноклоналды антиденелерді алды. Кейіннен осы антиденелердің негізінде иммуноферменттік диагностикалық тест жүйелері әзірленіп, аталған жұмыстардың зияткерлік әлеуеті екі кандидаттық диссертацияда жүзеге асырылды. Оларды Н.Н. Беляевпен бірге А.Б. Беклемишев жетекшілігіндегі Р.Т. Тлеулиева (1995, А.Б.  Беклемишев жетекшілігінде) және С.А. Синенко (1999) сәтті қорғап шықты. 1989 жылдан 2010 жылға дейін Н.Н. Беляев сол уақытта аз зерттелген, сүйек кемігінен табылған табиғи иммуносупрессорлы жасушаларды зерттеді. Бұл жұмыстар Г.К. Закирьянова (1993) мен А.Ю. Богдановтың (2005) кандидаттық диссертацияларына арқау болды. Онда гистамин мен альфа-фетопротеиндердің табиғи супрессорлы жасушаларға әсер ету механизмдері зерттелінді.

1994 жылы Н.Н. Беляев «Аллергология және иммунология» мамандығы бойынша «Гистаминнің иммунопатология және иммунды реттеуге қатысу механизмдерін зерттеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1997 жылы «Биология» мамандығы бойынша профессор атағы берілді. Докторлық диссертация қорғағаннан кейін, Н.Н. Беляев МББИ ғылым және менеджмент жөніндегі директор орынбасары лауазымында болды (1995-2000). Әкімшілік жұмыстарды атқарумен қатар, ол молекулалық иммунология және иммунобиотехнология тобының жетекшісі (1996) ретінде, содан кейін сол атауы бойынша тәуелсіз зертхана меңгерушісі (1997) ретінде Қазақстан үшін жаңа ғылыми бағыт — молекулалық және жасушалық иммунология және иммунобиотехнологияны дамытты.

2005-2011 жылдары аралығында Н.Н. Беляев жетекшілігіндегі «Молекулярлық иммунология және иммунобиотехнология» зертханасы гемопоэтикалық бағаналы жасушалардың (ГБЖ) клиникалық-диагностикалық және терапиялық маңызын зерттеу мақсатында ГБЖ биологиясымен айналысты. Сондай-ақ оларды перифериялық қаннан алу және оларды in vitro жағдайында өсіру сынды жаңа биотехнологиялық тәсілдерді жетілдірумен айналысты. ҚР ДСМ А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ қызметкерлерімен бірге Н.Н. Беляев үш мемлекеттік бағдарлама бойынша (2006-2008 жж.) ГБЖ зерттеудің үш бағытын ұйымдастырды. Осы зерттеулерде алынған нәтижелер әріптестері тарапынан бірнеше халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда (Англия, Франция, Жапония, Германия, АҚШ, Ресей, Қазақстан) баяндалды, әрі Қазақстандық және шетелдік ғылыми журналдарда және үш монографияда жарияланды, сондай-ақ ҚР екі патентін алды. ГБЖ зерттеулерінің циклы альфа-фетопротеиннің ГБЖ белсенділігін реттеудегі молекулалық механизмдерін анықтаған кандидаттық (Т.М. Богданов – 2010) және докторлық диссертацияларды (А.Ю. Богданов – 2010) қорғауымен аяқталды.

2012 жылға қарай бұрынғы зерттеулер негізінде Н.Н. Беляев зертхана қызметкерлерімен қатерлі рак және аутоиммунды аурулардың патогенезіне қатысы бар иммуносупрессорлы жасушаларды, соның ішінде миелоидты супрессорлы жасушаларды (MDSC), Т-реттеуші жасушаларды (Treg) және NK-реттеуші жасушаларды (NKreg) зерттеуге арналған жаңа ғылыми бағытты дамытты. Н.Н. Беляевтің молекулалық иммунология және иммунобиотехнология зертханасындағы қызметінің соңғы кезеңі оның әріптестерінің жоғары жарияланымды белсенділігімен ерекшеленеді. 2012 жылдан 2019 жылға дейін рецензияланған, Web of Science және Scopus нұсқасы бойынша индекстелген халықаралық журналдарда ағылшын тілінде 15 мақала және АҚШ-та басылатын екі монографияның екі тарауын шығарды. Осы кезеңде Н.Н. Беляевтің жетекшілігінде Ю.В. Перфильева кандидаттық (2012 ж. Г.К.Закирьяновамен бірге жетекші болған) және Е.О. Остапчук (2016) PhD диссертацияларын қорғады. Бұл жұмыстар сүт безі қатерлі ісігі кезіндегі NK-жасушалар, сондай-ақ Treg- және NKreg- жасушаларды зерттеуге арналған.

Н.Н. Беляев Институттың иммунология бағытының қалыптасуынының негізін қалаушы болды. Әріптестерімен бірге 250-ден астам ғылыми жұмыстарын жариялады. Қазақстан Республикасының 7 патенттерін алды. Н.Н. Беляев 7 кандидаттық және 1 PhD диссертациясын қорғатты және 3 докторлық диссертацияда  ғылыми кеңесші болды. Н.Н. Беляев – 300-ге жуық ғылыми еңбектің авторы және қосымша авторы, соның ішінде 5 монография және 9 өнертабыс бар. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты медалімен марапатталды.

Show More
Close