ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ 2022

2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысы өтті. Құрылтайға еліміздің барлық өңірлерінен, әр саладан және әр ұрпақтан 117 адам қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысын Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бастаманы қолдап, дауыс беруге қатысқан барша қазақстандықтарға алғыс айтумен ашты.

Елбасы халықты біріктіру, елді жаңғырту мақсатына жету үшін Ұлттық Құрылтайды шақыруға бастамашы болғанын айтып, жүзеге асырылуы тиіс үш міндетті белгіледі:

Біріншісі – ұлттық бірлікті нығайту. Радикализм мен экстремизмға жол бермеу, қоғамды алға жетелейтін шынайы патриотизм мен құндылықтарды қалыптастыру. Тұрақты демократиялық институттарды құру үшін саяси жауапкершілік мәдениетін дамыту.

Екіншісі – жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға тарту. Цифрлық технологияларды қолдану мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тиімдірек болуына, азаматтардың жүргізіліп жатқан реформалардың нақты игілігін көруге мүмкіндік береді. Президент халық онлайн режимде еліміздің жаңғыруы туралы пікірін білдіретін арнайы Qurultay мобильді қосымшасын әзірлеуді тапсырды.

Үшіншісі – кадр саясаты. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметте ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген адал да білікті кадрлардың көп екенін, бірақ мемлекеттік қызметшінің беделін түсіретін біліктілігі жоқ кадрлардың да барын, олармен бірден қоштасатынын қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәртебесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің тұғыры нығайып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге өзгерістер енгізу мәселесіне де тоқталды. Ол 25 қазан – Республика күнін Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күнді ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Шарада Ұлттық Құрылтайдың он мүшесі де баяндама жасады.

Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы көрнекті ақын Мұхтар Шахановқа ерекше жоғары дәреже – «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, ерекше марапат – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерін табыс етті.

 

Show More
Close
Skip to content