Қазақстандық ғылым апталығына, М.А.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында ғылым ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, Наурыз мейрамы тойланды

М.А.АЙТХОЖИН АТЫНДАҒЫ МОЛЕКУЛАЛЫҚ БИОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОХИМИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМ АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰРМЕТТЕУ

Қазақстандық ғылым апталығы аясында 2023 жылдың 28 сәуірінде М.А.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында ғылым ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, Наурыз мейрамы тойланды.

Ардагерлерге құрмет көрсету Институттың бас директоры, профессор Шәріпов Камалидин Орынбайұлының еліміздің ғылым мен білімнің дамуына, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тәжірибесі мен білімін жеткізуге қосқан үлесі үшін алғыс сөзімен басталды.

Сондай-ақ құттықтауда Қазақстан Республикасы Президентінің Қ.Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында ғылымда оң үрдістер орын алып жатқаны атап өтілді: ғылымды дамытудың ұлттық бағдарламасы қабылданды; «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілді; ғылымды қаржыландыру жылдан жылға артып келеді; базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбекақысы кірді; ғылыми-зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаржы бөлінді. «Болашақ» бағдарламасы аясында ғылыми қызметкерлер үшін тағылымдамадан өту бағдарламасы бар, оған сәйкес жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында біліктілігін арттыра алады және т.б.

Іс-шараның құрметті қонағы, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры Садыбеков Махмуд Әбдісаметұлы ғылым ардагерлеріне зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі, ал институт ұжымына ғылыми зерттеулерде табыс, басқа ғалымдармен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға, сондай-ақ өз қатарларына жаңа талантты және болашағы зор зерттеушілерді тартуға тілек білдірді.

Институт ардагерлері Рамзия Жұбанқызы Әзімұратова, Қарлығаш Әмірқызы Тойбаева ИМББ ұжымына шығармашылық табыс, бәсекелестік нәтиже және институттың даңқты дәстүрлерінің жалғасын табуын тіледі. Осы кездесуді еске алу мақсатында институт ардагерлері, қонақтары мен қызметкерлері ИМББ аумағында ағаш көшеттерін отырғызды.

Ғылым ардагерлеріне құрмет көрсету – олардың жетістіктері мен еліміздегі ғылым саласының дамуына қосқан елеулі үлесін мойындауға, сондай-ақ сабақтастық аясында ғалымдардың бір буынынан екінші ұрпаққа құнды білім мен тәжірибені сақтауға және беруге мүмкіндік беретін маңызды шара.

Show More
Close
Skip to content