ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні

Құрметті достар, қадірменді әріптестер!
Бүгін, 11 ақпан күні, бүкіл әлемде ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық мерекесі ресми түрде атап өтілуде. Ғылым жолында еңбек етіп жүрген, жаңа білім мен жаңалықтар ашуға ұмтылған ханымдар мен қыздарды бұл атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы «Білімдіге дүние жарық» деп бекер айтпаса керек. Ғылымның жарығын жаққан әйелдер – ұрпаққа үлгі, елге мақтаныш. 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен бұл күн әйелдер мен қыздардың ғылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз етіп, оларды ғылыми жетістіктерге ынталандыруға бағытталған.
Ғылым саласы ізденісті, табандылық пен жаңашылдықты талап етеді. Ал қазақ әйелдері бұл қасиеттердің бәрін бойына сіңіріп, қай заманда да білім мен ғылымға ұмтылған, жаңашылдықтың бастаушысы болған. Тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ қыздары медицина, педагогика, жаратылыстану және техника салаларында жаңалықтың жаршысы болғанын көреміз. Ғылым жолында есімдері алтын әріппен жазылған тұлғаларымыздың ішінде алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Гүлсім Аспандиярова, ағартушы, педагог, публицист Нәзипа Құлжанова, Мәскеуде білім алған алғашқы дәрігерлердің бірі Аққағаз Досжанова, физика саласының көрнекті ғалымы Белла Ахметова, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш әйел президенті, биология ғылымдарының докторы Нағима Айтхожина – ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғалар. Олар ғылым мен білімге адалдықтың, қайсарлық пен ізденістің символына айналды.
Бүгінгі таңда еліміздегі ғылым саласында әйелдердің үлесі артып келеді. Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысатын мамандардың 55,6%-ы – әйелдер. Олар іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, маңызды ғылыми жобаларға жетекшілік етуде. Білім беру, медицина, инженерия, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және басқа да салалардағы қазақстандық ғалым әйелдер қоғам үшін өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысып жатыр.
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен өнертабыстары ел игілігіне айналды. Бұл саланы түбегейлі реформалап, әлемдік бәсекеге қабілетті, тұғырлы деңгейге көтеруге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айырықша қолдау білдіріп, отандық ғылымның дамуына ерекше көңіл бөліп отыр.
Ғылымды дамыту – ғалымдарды қолдаудан басталады. Осы бағытта түрлі гранттық бағдарламалар жүзеге асырылып, ғылыми зерттеулерге қажетті жағдай жасалуда. «Ғылым – теңіз, білім – кеме» демекші, ғылым жолына қадам басқан әрбір жанның биік белестерді бағындыруына жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз.
Skip to content