Жоба: «Микро РНҚ өкпе обыры мен туберкулездің дифференциалды диагностикасының маркері ретінде» (М.Ә. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты)

МикроРНҚ – ақуызды кодтамайтын қысқа бір тізбекті РНҚ, геномдағы гендердің көпшілігінің теріс реттеушілері ретінде қызмет етеді және дифференциация, апоптоз, пролиферация сияқты маңызды биологиялық процестерге қатысады. МикроРНҚ мен олардың гендердің посттранскрипциялық реттелуіндегі рөлін ашқаны үшін Виктор Амброс пен Гэри Рувкун 2024 жылы физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығымен марапатталды.
МикроРНҚ концентрациясының өзгеруі патологиялық процесті көрсете алатындықтан, бұл молекулалар әртүрлі аурулардың перспективалы биомаркерлері ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, бұл молекулалардың биологиялық сұйықтықтарда айналуы минималды инвазивті диагностика әдісін әзірлеуге мүмкіндік береді.
Туберкулез және өкпе обыры әлемдегі ең өзекті медициналық-әлеуметтік мәселелердің қатарына кіреді. Диагнозды уақытылы қою емдеудің сәттілігінің негізгі факторы болып табылады. Алайда, диагностиканың аспаптық және зертханалық әдістерінің жетілдірілуіне қарамастан, екі аурудың клиникалық-рентгенологиялық көріністерінің ұқсастығына байланысты, пациентте бактерия бөлінуі болмаған жағдайда, олардың дифференциалды диагностикасында жиі қиындықтар туындайды. Бұл диагноз қоюдың кешігуіне әкеліп соғады және соның салдарынан патологиялық процестің асқынуына байланысты емдеу тиімділігі төмендейді. Аталған қиындықтар туберкулез бен өкпе обырының ерте және дифференциалды диагностикасында жаңа минималды инвазивті әдістерді іздеуге негіз болады.
Жобада айналымдағы микроРНҚ-ның өкпе обыры мен туберкулездің дифференциалды диагностикасындағы биомаркер ретінде қолданылу мүмкіндігі бағаланды. Зерттеу нәтижесінде өкпе обырымен ауыратын науқастардың қан плазмасында бірнеше микроРНҚ деңгейлері бақылау тобымен және туберкулезбен ауыратын науқастармен салыстырғанда сенімді түрде жоғары болғаны анықталды. Кейбір микроРНҚ үшін айырмашылықтар жеткілікті спецификалық болғандықтан, бұл оларды өкпе обырының әлеуетті биомаркерлері ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеуде туберкулездің әлеуетті микроРНҚ маркерлері табылмады
Осылайша, айналымдағы микроРНҚ-ның өкпе обырын диагностикалауда және өкпе обыры мен туберкулездің дифференциалды диагностикасында жоғары әлеуеті бар деген қорытынды жасалды. Осы нәтижелердің клиникалық қолданылуын растау үшін қосымша зерттеулер қажет, атап айтқанда, үлгі көлемін және талданатын өкпе ауруларының ауқымын кеңейту керек. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді зерттеулер осы биомаркерлердің болжамдық маңыздылығын бағалауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің негізгі нәтижелері 2024 жылы Web of Science деректер базасында 1-квартильге (Q1) кіретін «Diagnostics» журналында жарияланды https://doi.org/10.3390/diagnostics14232684. by Yeldar Ashirbekov, Nazgul Khamitova, Kantemir Satken, Arman Abaildayev, Ilya Pinskiy, Askar Yeleussizov, Laura Yegenova, Anargul Kairanbayeva, Danara Kadirshe, Gulzhakhan Utegenova, Nurlan Jainakbayev and Kamalidin Sharipov