Саясат Нұрбек: Зерттеу университеттері жаңа деңгейге көтерілуге міндетті

Ғылым мен жоғары білім саласы өткен жылы неден ұтты, неден ұтылды? Жаңа жылда қандай өзгеріс күтіп тұр? Бұл саланың болашағы қандай? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті сөзге тарттық.

– Саясат мырза, сіз осыдан тура бір жыл бұрын бізге берген сұхбатыңызда «Ғылым және технологиялық сая­сат» туралы заң аясында са­лық жеңілдіктерін енгізу ар­­қылы ғылымға жеке сектор мен ірі компаниялардан ин­вес­тиция тартылатынын, соның нәтижесінде ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жететінін айтып едіңіз. Арман болған межеге биыл қол жеткізу де бұрыннан белгі­лен­ген. Биыл бұл белесті шынымен бағындыра аламыз ба?

– Иә, жаңа заңға былтыр қол қойылды. Алайда сол құ­жат қолданысқа енгізілсе де к­е­дер­гілер болып тұр. Соның бірі ретінде Бюджет кодексі мен Салық кодексінің былтыр қа­был­данып үлгермегенін атап өтер едім. Ғылымға тартылатын қаржы көлемін жеке сектор­лар мен ірі компанияларға көр­се­тілетін салық жеңілдіктері ар­қы­лы арттыру туралы тетігіміз әлі заңды күшіне енбей жатыр. 300 пайыздық жеңілдіктерден бастап, осы уақытқа дейін айтылып келген түрлі салықтық шегерімдер Салық кодексінде жазылған. Осы кодекс биыл қабылданса, жоғарыдағы тиімді жүйе жұмыс істей бас­тайды. Негізі біз басшылыққа алатын, 2023 жылы бекітілген Ғылым және жоғары білімді дамыту тұ­жы­рым­дамасында зерттеу жұ­мыс­тарына бөлінетін қаржы көле­мін ішкі жалпы өнімнің 1 па­йызына жеткізу межесі 2029 жылға белгіленген.

– Былтыр бірқатар университетке берілген «зерттеу» мәртебесі нені білдіреді, қан­дай мүм­кіндікке жол ашады, нен­дей міндет жүктейді? Осы мәр­тебеге ие болған жо­ғары оқу орындары заманауи құрал-жабдықпен жет­кілікті жаб­дық­талған ба?

– Жоғарыда аталған тұ­жырым­дамамызда негізгі міндет ғы­лымды қолданбалы бағыт­қа ауыс­тыру, сондай-ақ жоға­ры оқу орындары негізінде ғылы­ми орта­лық­тар­ды дамыту көзделген. Мұндай мәртебеге ие болу деген сөз толығымен жүйені өзгерту дегенмен бірдей. Себебі бұрын аудиторияда лекция оқып, уни­верситет зертханасында зерт­теу жүргізетін ғалымды енді өн­дірістің қыз-қыз қайнаған ортасына апарамыз. Осы арқы­лы өндірістегі кедергілерді жою­дың, күрделі мәселелерді шешу­дің жолдарын ғылыми тұр­ғыда тауып, негіздеуді көздеп отырмыз. Айталық, былтыр елі­міздегі 20 шақты жоғары оқу орны мен ғылыми зерттеу инсти­туттарының ғалымдары «Қаз­атом­пром», «Қазақмыс» секілді ірі өндіріс орындарында 1 апта болып, тың шешімдер шығарып келді. Енді университет пен инс­титут зерттеушілері нақты мәселелерді шешумен айналысады. Бұл – бізге осыдан қаншама жыл бұрын отандық ғылымның көшбасшысы Қаныш Имантайұлының салып берген сара жолы. Ол «Тек жоғары технологиялы сатыға бағытталған, сонымен қатар өндірістен қуат алып, бағытын анықтайтын, өндіріспен тығыз байланысты ғылым ғана шын мәнінде алға басқан ғылым болады» деген еді. Жоғары ғы­лыми техникалық комиссияның форматы өзгерді, оның құрамына мықты өндірушілер кіретін болды, ғылыми гранттар бо­йынша былтыр жарияланған та­қы­­рыптардың 12 пайызы тек өндірістік мәселелердің шешімін табуға бағытталды. Биыл нақты тақырыптарға бөлінетін қаржы көлемін 40-50 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Міне, бұл бағытта жұмыс істеу үшін жоғары оқу орындары зерттеу форматқа көшуі керек. Неге десеңіз, біздің университеттер әдетте білім береді, бірақ жаңа білімді жарата алмайды. Шетелде ең мықты жоғары оқу орындарының екі функция­сы бар, біріншісі – бұрыннан болған білімді беру, екіншісі – ғылыми зерттеу жұмыстарымен, инновациялармен айналысу ар­қылы жаңа білімді тудыру. Жаңа форматқа көшуді 2 жыл бұрын бастады. Бұл не береді, әрине, ең алдымен қосымша қаржыландыру көзін ашады, яғни мемлекет қаражаты есебінен ғылыми инфрақұрылым то­лық жаңартылады. Зерттеу уни­вер­ситеттеріне біз мегагранттар береміз. Осы арқылы зерттеуге қажетті қымбат жабдықтарды алуға, технопарктер, зертханалар ашуға мүмкіндік алады. Мысалы, Қ.Сәтбаев университеті 800 млн теңгелік зертханаға ие болды. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде соңғы екі жылда 20-дан аса жаңа зертхана ашылды, суперкомпьютер алды. Біз елдегі тек ұлттық университеттерге ғана емес, базасы қалыптасқан өңірлік университеттерге де зерттеу мәртебесін бердік. Мұндай мәртебені иеленген университеттер даму стратегиясын, бағытын өзгертетіндіктен, оқу сағаттары да, ішкі мәдениеті де өзгереді. Нәтижесінде, зерттеу университеттері сондай әлеуе­тімен ірі компаниялардан қаржы тартып, тек мемлекеттің ақша­сы­на алақан жаймайтындай, өзін-өзі дамыта алатын дең­гейге шығуға міндетті.

– Оқу орындарын зерттеу бағытына бұрып жатырмыз, ал университеттегі ғылымның бас­тауы – негізінен магистратура. Бірақ бұл бағыт зерттеудің бас­палдағы емес, әскерден қаш­­қандар, стипендиясымен жала­қысын көбейткісі келе­тін­дер, аты мен атағы үшін ғана түсетіндердің таңдауы болып кеткендей. Бұған акаде­мия­лық деңгей ретінде эссе жазып, ғылыми жұмыстың тақы­рыбы мен үлгісін көрсетіп тап­сыратын тәртіптің жоқтығы себеп емес пе?

– Өзекті мәселені орынды кө­теріп отырсыз. Мысалы, Оңтүс­тік Кореяда түлектердің 42 па­йызы – магистрлер, 8-9 пайызы – докто­ранттар. Бұл бүкіл студенттің жартысына жуығы ғылыммен айналысатынын білдіреді. Бізде қалай? Студенттердің 90 пайызы – бакалавриаттар, 7-8 пайызы – магис­транттар, ал докторанттардың үлесі 1 пайызға да жетпейді. Дамыған елдің үлгісіне қазір көшіп кете алмаймыз, өйткені оқу орындарымыз дайын емес. Дәл осы мәселе зерттеу универ­ситеті дегеннен шығады, сол мәр­тебе алған оқу орындары кадр даярлауға да міндет алады.

Былтыр «өндірістік PhD» түрін енгіздік, 100 грант бөлдік, бірден алып кетті. Себебі бұл жеңілдетілген докторантура саналады. Өндірістік ірі компанияларда теориялық тұрғыда тереңдемесе де практикаға бай, кәсіби, білікті кадрлар, инженерлер бар. Олар ғылыммен айналысқысы келеді, бірақ уни­верситеттегі оқуға ден қойса, қызметі қалып қояды деп алаң­дайды. Сондықтан біз шетел­дік базалардағы ғылыми мақала жариялау талаптарын алып тас­тап, алайда өндірісте нақты ин­новацияны енгізу талабымен 3 жылдық докторантураны аштық. Бұл өндірістік компанияларға берілді, бірақ теориялық-әдісте­ме­лік жағына бел­гіленген университеттер жауап­ты, жобасын өндіріске енгізу жұмысы өз кәсіпорнында жүргізіледі. Магистра­тураны да ақырындап зерт­теуші бағытына ауыстырамыз. Бұл үшін, әлбетте, магистратураға қабылдау тала­бына да өзгеріс керек, мұны да әзірлеп жатырмыз. Өйткені өзіңіз айтқандай, әу бас­тан зерт­теуге қабілетті адамды дұрыс ірік­теп алмаса, зерттеуші қайдан шығады?

– Кейінгі жылдары елімізде шетел университеттерінің филиал­дары көп ашылды. Әуелде ең үздік 5 шетелдік жо­­ғары оқу орнының филиалын ашу тапсырылған еді. Осы бағыт­қа тым беріліп кеткен жоқпыз ба? Бұл отандық уни­вер­ситеттердің еңсесін баспай ма?

– Керісінше шетелдік универ­ситеттердің филиалдарын көп­теп ашу отандық жоғары оқу орындары арасында бәсекені арттырады. Біздің университет басшылығы студенттерді, инвес­тицияны өзіне көбірек тарту үшін елде жұмыс істеп тұрған шетелдік әріптестерімен иық тіресе еңбек етуге талпынады, көреді, үйренеді, тәжірибе жинайды. Екінші үлкен мақсатымыз – Қазақстанды академиялық хаб ретінде қалыптастыру, шетелдерден бізде ақылы білім алатын студенттерді тарту арқылы ел экономикасына үлес қосу.

– Осыдан біраз бұрын мақаламызда алпауыт елдердің жоғары білімді «сыртқа сату» арқылы экономикаға айтар­лықтай ықпал етіп отыр­ғанын жариялап едік. «Білім экспорты» дегеніміз осы ғой?

– Дәл таптыңыз. Біз, міне, осыған келіп жатырмыз. Қазір шетелдік 34 университет жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы алыс-жақын шетелдерден 31 мың студент тартылды. Әрі бұл еш жарнамасыз жиналғаны, егер насихаттау жағына басымдық берсек, бәлкім бұдан да көп ізденуші шетелден біздің елге білім іздеп келер ме еді. Бүгінде 5 университет бөлек өздерінің кампусын салуға келісті. 20 шақтысы консорциум ретінде отандық университеттердің негізінде құрылып жатыр. Мысалы, бри­таниялық «De Montfort» уни­верситетінің Қазақстандағы филиалында Оңтүстік Африка, Германия, Аустралия, Моңғолия, Түркия, Италиядан келген мыңға жуық студент бар. Атал­ған оқу орны елімізде 16 млн долларға жуық инвестиция құйды. Бұл – тек бастамасы ғана. Қазірдің өзінде осы шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу, осында жұмыс істеуге шақыру, әріптестікті күшейтудің нәтижесінде жалпы сомасы 50 млн долларға дейін инвестиция тартылды. Осыған ұқсас былтыр Астана қаласында бизнес мамандықтары бойынша кадр­лар даярлауды жүзеге асыратын «Coventry University» филиалы құрылды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 10 филиал ашылды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 7 млрд теңгені құрайды.

Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақ­тас­тықтың үшінші бір үлкен мақсаты тапшы, соның ішінде елімізде оқытылмайтын, бірақ сұранысқа ие мамандарды даяр­лауға бағытталған. Бүгінде елі­міздегі шетелдік 10 университет филиалында бакалавриат пен магистратура бағдарламалары бойынша инженерлік-техни­калық кадрларды даярлау атом өнеркәсібі, мұнай-газ саласы, энергия менеджменті, су ресурс­тарын басқару секілді бағыт­тарда жүргізіліп жатыр. 2029 жылға қарай филиалдар ел экономикасы үшін қажетті 2000-нан аса жоғары білікті маманды даярлайды деп күтіп отырмыз.

– Өзіңіз білетіндей, биыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Осы­ған орай еліміздің жоғары оқу орындары колледждермен қандай жұмыс істеп жатыр?

– Біз бүгінде колледж түлек­теріне жоғары білім алу үшін же­делдетілген курсты (2 жыл) жал­ғастыруға және жоғары білім­­мен еңбек нарығына шығуға мүм­­кіндік беріп отырмыз. Бұл – былтырдан бастап енгізілген «Қол­данбалы бакалавриат» бағ­дарламасы. Биыл 30 жоғары оқу орны 100 ең мықты колледж­дермен осындай үлгіде жұмыс істеуге көшіп жатыр. Мұндай икемді тәсіл еңбек нарығына шығудың балама әдістерін жасай отырып, жастардың ман­сап­тық жолын жүйелейді. Кол­ледж мамандықтары бойынша оқу жоспарының пәндері уни­верситеттің сәйкес білім беру бағдарламаларының оқу жос­парларын ескере отырып қайта қаралды. Бұл колледж түлек­те­ріне пәндер бойынша айыр­ма­шылықсыз қысқартылған оқуға түсуге мүмкіндік берді.

Жалпы, техникалық бағыт­тағы мамандарды даярлауда ескіден келе жатқан тиімді жобаларды жаңғыртып жатырмыз. Мысалы, ірі өндірістік компаниялармен келісім жасастық, сол арқылы бұрынғы өндірістік практиканы жандандырмақпыз. Осыған қоса «Кафедра филиалдары» дейтін формат болған. Мысалы, Астанадағы электр-техникалық зауытта Қ.Сәтбаев университеті кафедрасының филиалы ашылды. Сол зауыт жанында машина жасау, электр-техникалық сала бойынша 3-4 курста кафедра студенттеріне дәрістер өндіріс орнында өткізі­леді. Жұмыстың қыр-сырын өздері үйреткен жас маманды кейін зауыт өзіне жұмысқа алып қалады. Осындай филиалдарды барлық өңірде ашпақпыз.

– Отандық ғылымды дамы­туға бағытталған «500 ғалым» бағдарламасы бар. Жоба аясында 500 ғалым жыл сайын шетелдегі үздік оқу орындары мен ғылыми зерттеу ұйым­дарында тағылымдамадан өту­ге мүмкіндік алды. Бірақ осы ғалым­дардың саны алғаш­қы жылдан-ақ 500-ге жетпей қалды. Неге?

– Өйткені ағылшынша жетік білетін, халықаралық деңгей­де зерттеу жүргізе алатын ға­лымдар аз. Сол себепті біз тағы­лым­да­ма­дан өтетін ғалымдар санын бірден 50 пайызға қысқарттық, жылына тек 250 ғалым ғана барады. Бірақ екінші жаңа бағытқа квота ашылды. Жасанды интеллект бойынша «Болашақ» бағдарламасымен 100 стипендия бөлінді. Былтырдың өзінде 29 отандасымыз шетелдегі беделді университеттерге магис­тратура, тағылымдама бойынша білім жетілдіруге кетті.

– Гранттық қаржыландыру айналасында даулы пікірлер толастамай келеді. Соның ішін­де бюрократияға қатысты сыни пікірлер де айтылады. Бұған не дейсіз?

– Гранттарға бөлінетін қаржы көлемін үш есе ұлғайттық. «Судың да сұрауы бар» дегендей, сәйкесінше біз де кейбір талаптарды күшейттік. Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынымымен бекітілген бұйрығымыз дау тудырды. Өйткені бұрын ғылыми зерттеу инcтитуттары гранттан алған қаржыны жобаға қаты­су­шыларға өз қалағанынша жала­қыны қойып тастайтын. Бізден де «Бұл кісі проректор бола тұра 3-4 гранттық жобада жүр, өзіне 5-6 млн теңге жалақы қойып алған, бәріне қалай үлгереді?» деп сұралды. Тіпті 10-20 жобада жүрген адамдар анықталды. Әрине, ғалымдарымызды қолдау керек, жалақысының өскені бізге де керек, бірақ қаржыны шын еңбек еткен адам алуы үшін жүйе қажет болды. Сол себепті бұйрық енгізілді. Сондықтан маңдай терін төгіп жұмыс істеп жүрген 99 па­йызы бұл туралы айтпайды, май шелпектен айырылып қалған 1 пайыз үлесі барлар шулатады.

Гранттық қаржыландыру айналасында ілгерілеу де бар. Мысалы, бұрын гранттық қар­жыландыру конкурстары сол жылы өткізілетін де, ғалымдар грант қаржысын тым кеш алатын, жалақысыз жұмыс істейтін. Біз тұңғыш рет өткен жылы осы мәселені шешіп, 2025 жылға арналған конкурстарды былтыр өткізіп тастадық, енді ақпанда қаражат түсе бастайды.

– Ғылымды қолданбалы ба­ғытқа ауыстыру туралы бір­неше рет айттыңыз. Кез келген зерттеудің нәтижесін өндіріске енгізу үшін патент алу керек. Патент мәселесінде де қағазбастылықтан қағажу көретіндер көп. Осы түйткілдің түйіні қандай?

– Әділет министрлігіне қарас­ты «Қазпатент» деген ұйым бар. Біз аталған министрлікпен бірлесіп бағдарлама жасадық. Нәтижесінде, былтыр әр мықты университеттерде осы патент мәселесімен айналысатын, ғалымдарға заң тұрғысынан, құжат жағынан толымды кеңес беріп, көмектесетін маманды «Қазпатент» арқылы оқыттық. Биылдан бастап арнайы штат ашылып, даярланған маман патент алу бойынша кеңес берумен айналысады. Ғалымдар арасында өзінің өнімін патент алуға әрекет етіп, құжаты дұрыс толтырылмағаннан қол сілтей салатын жағдайлар жиі кездеседі. Кейбір ірі университеттерде патент бойынша кеңес беретін, көмектесетін бүтін бір бөлім де болады, өйткені жоба көп қой. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 36 млрд теңгеге жуықтайтын 400-ге тарта ғылыми жоба бар. Мұндайда, әрине, патент алуға кеңес, көмек беретін топ керек.

– «Ғылым және техноло­гиялық саясат туралы» заң отандық ғылымның дамуына қандай әсер етіп жатыр? Нендей нәтиже көріп үлгердік. Осы заңға ғалымдар өздерінің көп ұсынысы енгізілмей қал­ғанын айтты. Алдағы уақытта өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?

– Иә, былтыр көптен күткен заң қабылданып, мұның игілігін отандық ғылым мен ғалым­дар ақырындап көре бастады. Соның алдыңғысы – жас зерт­теушілерімізді әлеуметтік қолдау, соның ішінде баспанамен қамту. Осы уақытқа дейін 380-нен аса адам баспанамен қамтылды. Бұған «Отбасы» банкімен келісімге келуіміз әсер етті. Осыған қоса Президент атынан да пәтер алып жатқан жас­тарымыз бар. Олар Мемлекет басшысының қолдауымен баспанаға мұқтаж маман ретінде ешқандай несие­сіз, бөліп төлеусіз, алғашқы жар­наны төлеу міндеттемесінсіз үйлі болып жатыр. Бұл деген үлкен қуаныш қой. Әрі саланы дамытуға ден қойған жас буынға зор сенім артылып отырғанының көрінісі, сонымен қатар кейінгі өскелең ұрпаққа ғылымды дәріптеудің үлгісі деп білеміз. Бізге жалпы 200 пәтер берілді, оның 30-ы тиісті иесін тапты. Алдағы уақытта тағы да беру жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселе іріктеу ұзақ уақыт алады, тексеріс көп, себебі де түсінікті, лайық адам, шын қажет етіп отырған маман алуға тиіс. Осыған қоса әлеуметтік қолдау пакетінің ішінде мамандарымыз жаңа заң нәтижесінде ғылыми дәрежесі мен атағына қосымша үстемеақы алады.

Аталған құжаттың тағы бір тиімді тұсы – отандық ғылымға қаржы тарту. Осы заң аясында Ғылым қорының құзыреті кеңейді. Сол арқылы венчурлық қор ретінде бизнесті ғылымға қаржы құюға тартып жатыр­мыз. Енді біздің ғылыми ұйым­да­рымыз өндіріс орындарымен тікелей жұмыс істейді. Мысалы, былтыр селенді өң­деуден «Қазақмыс» корпорациясы біраз пайда тапты. Сондықтан ірі ұйым биыл өзіне қатысты ғылыми жобалардың 30 пайыз қаржысын салуға дайын екенін жеткізді. Біздің жобаларға ақы­рындап шетелдіктер қызыға бас­тады. Сауд Арабиясы 100 млн долларға «deeptech», яғни тау-кен, биотехнология сала­сын­­дағы ғылыми жобаларға, стартаптарға инвестиция құюға дайын. Алдағы айда құжатқа қол қоямыз. Шетелдік тарап жобалар жақсы нәтиже берген жағдайда инвестиция көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Сонымен қатар Оңтүстік Корея тарапы да бізге толыққанды, қомақты инвестиция құймақ. Бұл тарап өз кезегінде еліміздің ғалымдарымен бірлесіп сирек металдардың шикізат ретінде құр сатып қоймай, өңдеу арқылы одан да көп табыс таппақпыз.

Ал ғалымдардың заң жобасын талқылауларда айтқан біраз ұсынысы енгізілмей қалғаны рас. Біз заң жобасын әзірлеу барысында мемлекеттік органдармен келісіп біткенше 26 бапты жоғалтып алдық. Шыны керек, өте қиын болды. Мысалы, инфрақұрылым және жабдықтау гранттары деген арнайы гранттың түрі болды. Бұл зертханалардың жағдайын жақсартуға, зерттеулердің жүр­гізілуін жеделдететін заманауи құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етуге таптырмайтын мүмкіндік еді. Қаржы министрлігінен қолдау таппады. Осы секілді Ұлттық ғылым академиясына қатысты бірқатар бап, ғылыми журнал тура­лы нормалар да қалыс қалды. Біз қазір ескерілмей қалған сондай маңызды баптарды толық­тырулар арқылы заңға қайта енгізуге екінші пакетті әзірлеп отырмыз. Ең маңызды өзгерістің бірі – ғалымдар көп көтерген мемлекеттік сатып алу мәсе­лесі. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары соншалықты күрделі, тауарды (реагент, химикат, жабдық) сатып алуға берген уақыт­тан жарты жыл өткенде барып келеді. Ал оның бағасы тапсырыс берген кездегіден мүлдем өзгеріп кетеді. Осы заңның аясында өзгеріс енгізіледі. Бюджет кодексінің қабылдануын күтіп отырмыз.

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

Skip to content