АБДОЛЛА НҰРШАТ «СОЗЫЛМАЛЫ ҚАБЫНУДЫҢ ӘРТҮРЛІ ТӘЖІРИБЕЛІК ҮЛГІЛЕРІНДЕГІ МИЕЛОИДТЫҚ СУПРЕССОРЛЫҚ ЖАСУШАЛАРДЫ ЗЕРТТЕУ» (PhD диссертациялық жұмыс)

Абдолла Нұршат, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетін бакалавр – 2009 жылы, магистратура – 2012 жылы бітірген. Абдолла Н. еңбек жолын 2009 жылы ҚР БҒМ ҒК «М.А. Айхжожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтында» молекулалық иммунология және иммунобиотехнология зертханасының зертханашы қызметінен бастап, кіші ғылыми қызметкер және ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеді. Ол жасушалық және молекулалық иммунология саласындағы маңызы зор зерттеулермен айналысатын біліктілігі жоғары зерттеуші.

Абдолла Н. 2016 жылы ҚР БҒМ ҒК «М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтынан» әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторантурасына мақсатты бағыт бойынша оқуға түсті және ол ғылыми кеңесшілері: биология ғылымдарының докторы, профессор Беляев Николай Николаевич және М.D., PhD., профессор Gabrilovich Dmitry I. (Вистар институты, Филадельфия, АҚШ) жетекшілігімен 2020 жылдың желтоқсан айында «Созылмалы қабынудың әртүрлі тәжірибелік үлгілеріндегі миелоидты супрессорлы жасушалары зерттеу» тақырыбында PhD диссертациясын қорғады. Жұмысының мақсаты созылмалы қабынудың тәжірибелік үлгілерінде MDSC-дің фенотиптік және функциялық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу және MDSC-ге нысаналы цитотоксикалық әсер етудің тиімді фармакологиялық жолын өңдеуге бағытталды.

Миелоидты супрессорлық жасушаларға (Myeloid Derived Suppressor Cells, MDSC) соңғы онжылдықта ерекше назар аударылды. MDSC иммуносупрессорлы ісік микроортасының маңызды жасушалық компоненттерінің бірі. Физиологиялық тұрғыда, MDSC жүктілік кезінде ұрықты аналық иммунитет жасушаларының шабуылынан қорғау үшін, сондай-ақ жарақаттан кейін ұлпалардың қалпына келуі кезінде, жіті қабыну процесін басу үшін табиғи түрде пайда болатын иммуносупрессорлы жасушалар болып табылады. Сондай-ақ, олар сау организмдегі гомеостазды сақтауға қатысады. Алайда қатерлі ісік сияқты кейбір созылмалы аурулар иммундық қадағалаудан өту және өздерінің кедергісіз өсуі үшін MDSC-дің иммуносупрессорлы әлеуетін пайдаланады. MDSC рөлі қатерлі ісік биологиясында ең көп зерттелді. Катерлі ісік биологиясында зерттелген MDSC-дің рөлі туралы айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, онкологиялық аурулардың дамуына қолайлы жағдай жасайтын созылмалы қабыну процесіндегі MDSC-дің рөлі туралы зерттеулер жеткілікті болмады. Соынмен қатар қатерлі ісік ауруында MDSC-ді модуляциялау немесе элиминациялаудың тиімді стратегиялары MDSC-спецификалық цитотоксикалық агенттерді әзірлеу және бағалау клиника үшін маңызды болды.

Дисертациялық зерттеу барысында жергілікті созылмалы қабынудың жүйелік иммунологиялық жауапты, көкбауырда жинақталатын миелоидты супрессорлық жасушалардың индукциясы түрінде тудыратындығы анықталы. Осы кездегі миелоидты супрессорлы жасушаларының активтену механизмінің кейбір элементтерін, соның ішінде ісік некрозының факторы альфа, хемоттрактант S100 ақуызының қатысуын және CD62L адгезиялық молекуласының осы жасушалардағы экспрессиясының жоғарлайтынын анықтады. Бұл мәліметтерді адам патологиясына экстраполяциялай отырып, кез-келген созылмалы қабыну ауруы организмдегі миелоидты жасушалардың иммуносупрессивті популяциясын белсендіру арқылы қатерлі ісіктің өсуін жеделдетеді деп болжауға болады. Алғаш рет түнде жарықтандыру созылмалы қабыну тудырылған тышқандардағы CD11b+CD49d+ және CD11b+Ly6Ghіgh MDSC субпопуляцияларының жиналуын арттыратыны анықталды. Түнде жарықтандыру созылмалы қабынуы бар тышқандардың көкбауырындағы CD11b+CD49d+ және CD11b+Ly6Ghigh MDSC жинақталуын индукциялайтынын, MDSC-дің бұл жоғарлауы көкбауырдағы CD8+ және CD4+ эффекторлық жасушалар үлесінің төмендеуімен және сарысудағы IL-6 және TGF-β цитокиндер деңгейінің жоғарлауымен қатар жүретінін анықтаған. Бұл мәліметтер циркадиандық ырғақтары бұзылған (түнгі уақыттағы жұмыс істеу) адамдарда туындайтын созылмалы қабыну мен онкологиялық аурулардың жиілеу мәселесіне жаңа көзқараспен қарауға және созылмалы аурулардың алдын алу мен емдеуге жаңа бағыттар береді.

Трансплантацияланған ісік үлгісінде MDSC спецификалық элиминациялайтын агенттерді өңдеуге арналған зерттеуде AFP-даунорубицин (AFP-DR) конъюгаттын қолдана отырып, MDSC жою мүмкіншілігін тәжірибелік тұрғыда қарастырған. Ағынды цитометрияны қолдана отырып, AFP-FITC MDSC-мен таңдамалы байланысатынын көрсеткен. Осы қасиетті ісікке қарсы антибиотик даунорубицинмен AFP цитотоксикалық коньюгаттын алу үшін пайдаланылған. Жасалған коньюгаттың in vitro және in vivo тәжірибелерінде MDSC селективті өлтіретінін және ісіктің өсуіне айтарлықтай кедергі келтіретінін дәлелдеген. Диссертациялық жұмыстың артықшылығы – созылмалы қабыну тудыратын MDSC-дің трансплантацияланған ісіктің өсуін ынталандырудағы рөлін анықтау болып табылады. Қабынудың иммуносупрессорлы жасуша популяциясы MDSC-ті белсендіру арқылы онкологиялық патологияның дамуындағы рөлін түсіндіретін толығымен логикалық гипотетикалық схеманы ұсынды.

Абдолла Н. диссертациясында созылмалы қабынудың бірнеше үлгісінде MDSC популяцияларының өзгерісі, сондай-ақ созылмалы қабынумен байланысты ісіктердің өсуін белсендірудегі осы жасушалардың рөлі және AFP негізіндегі цитотоксикалық конъюгатпен иммуносупрессорлы MDSC-ді элиминациялау бойынша маңызды нәтижелер алғаш рет алынып, халықаралық конференцияларда талқыланып, Қазақстандық ғылыми журналдарда және Web of Science пен Scopus дерекқорларына енетін ең беделді индекстелген халықаралық журналдарда Inflammation Research (Percentile 71), Cancer Immunology, Immunotherapy, (Percentile 85),  Inflammation (Percentile 64) жарияланған және шетелдік ғалымдар жағынан сілтеме жасалған. Диссертация нәтижелері әртүрлі созылмалы аурулардың дамуының иммунологиялық механизмдері туралы іргелі білім алуға және оларды созылмалы қабыну аурулары және онымен байланысты қатерлі ісіктердің иммунотерапиясының мақсаты ретінде қарастыруға жаңа бағыттар береді. Сонымен қатар MDSC-ді анықтаудың альфа-фетопротеин негізіндегі жаңа әдісінің өңделуі, осы әдістің негізінде альфа-фетопротеинмен біріктірілген даунорубицинді синтездеу, сондай-ақ ісік кезіндегі иммуносупрессорлы MDSC-ді таргетті элиминациялау бойынша алынған нәтижелердің практикалық маңыздылығы жоғары. Бұл MDSC-ді анықтау және активтілігін тежеуге негізделген онкологиялық процестің алдын алу мақсатындағы жаңа фармаколгиялық препараттарды өңдеу үшін алынған нәтижелердің жаңашылдық деңгейіні жоғары болып табылады. Бұл жұмыс әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің диссертациялық кеңесінде қорғалып кеңес мүшелері жағынан жоғары бағаланды.

Абдолла Нұршат болашаққа жоғары потенциалы бар, белсенді шығармашылық ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталы, жас ғалымдардың талантты үлгісі.  Ол заманауи иммунологиялық әдістердің үлкен тобын керемет игере отырып, ол жасушалық және молекулалық иммунология саласында өзінің білімін үздіксіз жетілдіруде және осы болашағы бар бағытты Қазақстанда әрі қарай дамытуға өз үлесін қосатыны анық.

Show More
Close
Skip to content