Академик Айтхожина Нағима Әбенқызы (22.02.1946 – 10.11.2020)

М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының ұжымы ҚР ҰҒА академигі Нағима Әбенқызы Айтхожинаның 75 жасқа қараған шағында мезгілсіз қайтыс болғаны туралы хабарлайды.

Н.А. Айтхожина Қазақстандағы молекулярлық генетиканың, молекулярлық медицинаның, Ғарыштық биология мен биотехнологияның, этногеномика мен палеогеномиканың негізін қалаушысы, Қазақстандық зерттеудің жаңа бағыттары – адам, өсімдіктер мен микроорганизмдер геномын зерттеп  дамытқан геном зертханасының ұйымдастырушысы және бірінші меңгерушісі болып табылады. Н.А. Айтхожина 1946 жылы 22 ақпанда Петропавл қаласында дүниеге келген.      С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң Мәскеудегі КСРО ҒА В.А. Энгельгард атындағы Молекулалық биология институтының күндізгі аспирантурасына түсті, 1974 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 1990 жылы сол жерде докторлық диссертациясын қорғады.

Н.А. Айтхожинаның ғұмыры, барлық ғылыми, ғылыми-ұйымдастырушылық және педагогикалық қызметі алдымен ҚазССР ҒА Ботаника институтымен және 1983 жылы оның биохимиялық зертханалары базасында құрылған ҚазССР ҒА Молекулалық биология және биохимия институтымен (ҚР ҰҒА, ҚР БҒМ) байланысты болды. 1988 жылдан бастап 2019 жылға дейін ол М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының директоры болды.

1996 жылы көрнекті ғылыми жетістіктерін назарға ала отырып, Н.А. Айтхожина Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының биология және медицина ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы болып сайланды. 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бұйрығымен Ғылым Академиясының президенті болып тағайындалды.

Н.А. Айтхожинаның жетекшілігімен 2000 жылдан бастап Институтта «молекулалық биология» және «Биохимия» мамандықтары бойынша биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңес жұмыс істеді, ол 2002 жылы докторлық болып қайта құрылды және «Молекулалық биология» мамандығы бойынша биология ғылымдарының докторы дәрежесін беру жөніндегі Қазақстан мен Орталық Азия өңіріндегі жалғыз кеңес болып табылды. Ол ғылыми кадрларды, жас ғалымдарды даярлау, олардың тағылымдамадан өтулерін және жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Н.А.Айтхожинаның күш-жігерінің арқасында Институт базалық ғылыми мекеме болып табылды, онда университет студенттері бакалавр, магистр және PhD академиялық дәрежесі бойынша ғылыми жұмыстарды орындайды. Оның ғылыми жетекшілігімен 3 докторлық жұмыс және 14 кандидаттық диссертация дайындалды.

Н.А. Айтхожина – ҚР Үкіметі жанындағы ЖҒТК мүшесі, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы іргелі зерттеулер қорының биологиялық секциясының төрағасы, Ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі және «генетиканың басым мәселелері» Бүкілодақтық бағдарламасы жобаларының сарапшысы (Мәскеу қ.), КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Ғылым және техника жөніндегі Мемкомитеттің физика-химиялық биология және биотехнологияның басым бағыттары бойынша ведомствоаралық ғылыми кеңестің мүшесі (Мәскеу қ.), ҚР БҒМ алқасының мүшесі болды.  Халықаралық Молекулалық биология және биохимия қоғамының (IUBMB) Қазақстандық бөлімшесінің төрағасы, «INTAS» бағдарламасы бойынша халықаралық сарапшысы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

Ол әрдайым біздің елімізде заманауи ғылыми бағыттар бойынша зерттеулерді дамытуға ұмтылды, сондықтан ол ҚР ҰҒА баяндамалар журналының бас редакторы, «ҚР БҒМ – НАН Жаршысы» журналының редакциялық алқасының мүшесі, РҒА «Молекулалық биология» журналының редакциялық кеңесінің мүшесі бола отырып, мақалаларды іріктеуге мұқият қатысатын.

Н.А. Айтхожина – 2001 жылы Мемлекет алдындағы еңбегі мен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен, 2011 жылы мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі ерекше еңбегі үшін III дәрежелі «Барыс» орденімен, 1992 жылы Халықаралық экипажымен «Союз ТМ-13» ғарыш кемесін ғылыми бағдарламамен қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 1993 жылы Халықаралық «Эврика» көрмесінің күміс медалімен (Брюссель) марапатталды.

2002 жылы ғылымға қосқан үлесі үшін Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» жоғары сыйлығына ие болды. Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгімен марапатталған, сондай – ақ жемісті жұмысы және Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін ҚазКСР ҒА, ҚР БҒМ-ҒА, ҚР ҰҒА, ҚР БҒМ Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған.

Академик Н.А. Айтхожинаның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Көрнекті ғалым, ғылымды ұйымдастырушы, Ұстаз – Нағима Әбенқызы Айтхожинаның жарқын бейнесі әрқашан бізбен бірге болады.

Show More
Close