Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Ел Президенті мемлекеттің тиімділігі және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар мен міндеттерді атап өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы білім және ғылым саласы бойынша да бірқатар маңызды әрі өзекті міндеттер жүктеді.
Президент Жолдауында көзделген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданатын болады.

Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады.
Бұл мәселені шешу үшін 1 мың жаңа мектеп салынады.Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр.
Әкімдіктермен бірлесіп 4 тетік пайдаланылатын болады. Атап айтсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу.

Оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және оқу бағдарламаларын бейімдеу бойынша шаралар жоспарланған.
Сонымен қатар 5 мың мектепті модернизациялау, пәндік кабинеттермен жабдықтау, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс бөлу жоспарда бар.

Педагогтердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылатын болады. Әлем қарыштап дамып келе жатқан жағдайда бұл өте маңызды. Мұғалімдердің біліктілігін қазіргідей бес жылда бір рет емес, үш жылда кемінде бір рет арттыру көзделетін болады. Президент сондай-ақ педагогтерді тегін курстармен толық қамтамасыз ету қажеттілігі туралы мәлімдеді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлді. Оларға «Цифрлық тәлімгер» жобасы аясында қосымша сабақтар алу мүмкіндігі беріледі.

Қашықтан оқытуға қарамастан, біздің оқушыларымыз әлемдік шыңдарды бағындырып, Халықаралық олимпиадаларда өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты.
Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес конкурсқа қатыспай-ақ гранттар беру, сондай-ақ біржолғы ақшалай сыйлықақылар көзделетін болады: алтын медаль үшін кемінде 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК ұсынылады.
Сонымен бірге халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындаған педагогтерді қолдау шаралары көзделетін болады.

Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарға техникалық және кәсіптік білім алу үшін колледждерде тегін оқыту мүмкіндігі кеңейтіледі («Жас талап» жобасы).

Президент сондай-ақ толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға кезең-кезеңмен көшіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылдан бастап барлық қалалық мектеп жан басына қаржыландыруға көшті. Бұл шара әртүрлі өңірлерде қаржыландыруды теңестіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, алым-салықтармен байланысты тәуекелдерді едәуір төмендету, мектептердің қаржылық дербестігін арттыру және бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл бастама білім беру және жекеменшік мектептер ашуға жеке инвестицияларды тартуды ынталандырды.
Айта кетейін, ғылым саласында да елеулі өзгерістер болмақ.

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін Ғылым туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды. Түзетулер ғалымдарымыз тұрақты және лайықты еңбекақы алуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Ол үшін жетекші ғалымдардың жалақысы базалық қаржыландыруға қосылуы керек.
Сонымен қатар іріктеу және қаржыландырудың нақты әрі ашық критерийлері мен Ережелерінің негізінде іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландыруды енгізу қажет.

Ғалымдарымыз көтеріп келе жатқан мәселе – ғылыми-зерттеу жұмыстарын (ҒЗЖ) қаржыландыру мерзімдерін ұзарту проблемасы өз шешімін табады. ҒЗЖ гранттық қаржыландыру мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұлғайтылуы тиіс.
Ғалымдарды толғандырып жүрген тағы бір мәселе – Ғылым туралы заң жобасында қарастырылатын Ұлттық ғылыми кеңесінің шешімдеріне шағымдану институтын енгізу.

Біз Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндетті іске асыру үшін жоспарлы және жүйелі жұмысты орындайтын боламыз.

Show More
Close