2023 жылдың 1 маусымында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында «Жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастық перспективалары» атты Республикалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау және мамандар даярлау сапасын арттыру үшін диалог орнату. Бұл шара Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған міндеттеріне сәйкес өткізілді. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы – Дархан Ахмед-Заки және Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті – Бақытжан Жұмағұлов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Дөңгелек үстел жұмысына жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми институттардың бас директорлары қатысып, баяндамалар жасады. Баяндамалар мен талқылауларда жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастық перспективалары, кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер және т.б. сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Дөңгелек үстел аясында М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының бас директоры, профессор Шарипов Қ.О. биология, молекулалық биология, биотехнология, экология, биомедицина салаларында жоғары білікті ғылыми кадрлар мен мамандарды даярлау мақсатында білім және ғылыми зерттеулер саласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетімен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетімен, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.