Бүгін көрнекті ғалым Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің туған күні
Бүгін, 29 маусымда – Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, Ленин сыйлығы лауреаты, биология ғылымының және бүкіл Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, қоғам қайраткері – Молекулалық биология және биохимия институтының негізін қалаушы Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің туған күні.
М.А. Айтхожин республика үшін жаңа ғылыми молекулалық биология мектебін құрды, ол өзінің жетістіктерімен республикада және шетелде кеңінен танымал болды. Ол негізін қалаған, қазір оның атымен аталатын Молекулалық биология және биохимия институты өсімдіктердің молекулалық биологиясының әлемге әйгілі орталығы болды. Мұрат Әбенұлының бастамасымен өсімдік биотехнологиясы бойынша да алғашқы жұмыстар қолға алынды, кейінірек гендік және жасушалық инженерия әдістерін қолдана отырып, мәдени өсімдіктердің жаңа формалары мен сорттарын жасау жұмыстарын үйлестіретін Қазақ ауылшаруашылық биотехнология орталығы құрылды.
Қазақстан ғылымының ірі ұйымдастырушысы, жетекшісі – жаратылыстанушы ғалымның ғылыми шындыққа деген қажымас талпынысы мен тума таланты М.А. Айтхожиннің Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған кезеңде айқын көрінді. Оның жемісті ғылыми-ағартушылық және қоғамдық қызметі, ауқымды ойлау қабілеті, алға қойылған міндеттердің мәнін терең түсіну, басты нәрсені оқшаулап, басымдықтарды белгілей алуы күні бүгінге дейін көпшілікке үлгі.