2023 жылдың 22 тамызында М.А.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында «Қазақстандағы ғарыш саласының даму перспективалары» тақырыбында семинар өтті.
Институт қызметкерлеріне арналған семинарды сынақшы-ғарышкер Аймаханов Мұхтар Рабатұлы – Ионосфера институтының халықаралық бағдарламалар мен байланыстар үйлестірушісі және Грищенко Валентина Федоровна – Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері өткізді.
Мұхтар Рабатұлы Аймаханов Қазақстанның ғарыштық ұшулар саласында өзіндік тарихы бар екенін, сондай-ақ орбиталық кешендердің бортында зерттеулер жүргізу тәжірибесі бар екенін атап өтті. Ол Қазақстанның болашаққа оптимистік көзқараспен қарауға және елімізде ғарыш ғылымын дамытуға мүмкіндік беретін әзірлемелердің болуының маңыздылығына ерекше назар аударды.
Бүгінгі таңда Қазақстанның ғарыш саласының алдында тұрған басты міндет – жақын арада орбиталық кешенде тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік беретін өзінің ғылыми бағдарламасын жасау. Бірақ, біріншіден, алға қойылған міндеттерді орындаудың мүмкіндіктері мен әлеуетін бағалау, болжам жасау қажет.
Мұхтар Рабатұлы Қазақстанның мемлекеттік ғарыш бағдарламасын қалыптастыруға және жүзеге асыруға, мүмкін, шетелдік әріптестерді тарту арқылы ғылыми әлеуеті бар деп есептейді. Бірақ ол өзекті, бірегей, халықаралық бәсекеге қабілетті болуы керек.
М.А.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының ғарыштық биотехнология саласындағы жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар.
Грищенко Валентина Федоровна ғарыш саласы мен жүргізілген зерттеулер біздің ғарышкерлеріміздің алғашқы ұшуларынан бастап дамығанын атап өтті. Ғарыштық экспедициялар дамуға үлес қосып қана қоймай, қазақ ғылымының жаңа бағыттары мен мүмкіндіктерін ашты. «Мир» станциясы мен Халықаралық ғарыш стансасының бортында сәтті орындалған ғылыми тәжірибелер халықаралық деңгейде мойындалды, біздің мамандар әртүрлі халықаралық ғарыштық жобаларға қатысуға жиі шақырылады.
Аймаханов М.Р. және Грищенко В.Ф. институт ғалымдарынан қызықты ұсыныстар күтетінін айтып, барлығын осы бағдарламаға қосылуға шақырды. Баяндамашылар әрбір ұшудың мемлекеттік маңызы бар екеніне тоқталып, қазақстандық ғарыш ғылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті.