МҰРАТ ҚҰРМАШҰЛЫ ҒЫЛМАНОВ

МҰРАТ ҚҰРМАШҰЛЫ ҒЫЛМАНОВ

(1942-2014)

Бүгін, 2023 жылдың 23 сәуірінде дарынды ғалым, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғылманов Мұрат Құрмашұлы 81 жасқа толар еді. Академик Ғылмановтың ғылыми қызығушылықтары өсімдік биохимиясы, жасуша биологиясы, биотехнология, нанотехнология және медицина сияқты зерттеу салаларын қамтыды.

М.Ғылмановтың жетекшілігімен өсімдіктердегі азот алмасуының биохимиясы, жасуша биологиясы, гормондық сигналдарды тасымалдау, ферменттік инженерия салаларында іргелі зерттеулер жүргізілді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері дәрілік препараттар – фосфатидилинозитол, ферменттер мен биорегуляторлар алудың инновациялық технологияларын жасауға, дәрілік заттарды тасымалдаудың жаңа жүйелерін дамытуға әкелді.

Академик М.Қ. Ғылманов өнертабысқа 28 патент алды, 260 ғылыми еңбек, оның ішінде 3 монография және орта мектепке арналған 5 оқу құралын жариялады. Оның зерттеулері дүние жүзіндегі халықаралық ғылыми конференцияларда баяндалған. Оның жетекшілігімен кандидаттық және ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін 15 диссертация қорғалды. Сондай-ақ, Мұрат Құрмашұлы радио, теледидар, газет беттерінде сөз сөйлеп, дәріс оқып, ғылыми білімнің халық арасында кеңінен насихатталуына зор үлес қосты.

Мұрат Құрмашұлы Ғылманов ғылыми қызметін 1968 жылы ҚазКСР ҒА Ботаника институтында биохимия зертханасының аға лаборанты болып бастады. 1983 жылы М.Ғылманов Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің шақыруы бойынша Қазақ КСР Ғылым академиясының жаңадан ашылған Молекулалық биология және биохимия институтына ферменттердің құрылымы мен реттелуі зертханасының меңгерушісі болып, 2014 жылға дейін қызмет етті.

Мұрат Құрмашұлы Ғылманов көптеген жоғары ғылыми наградалармен, соның ішінде КСРО ВДНХ-ның күміс медалімен, «Қазақстан Республикасы ғылымының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының 100 жылдығы» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, сонымен қатар көптеген ғылыми қауымдастықтардың мүшесі болып сайланған.

Әлемге әйгілі ғалым, тәлімгер, қоғам қайраткері – Мұрат Құрмашұлы Ғылманов туралы әріптестері мен шәкірттері осылайша айтады. Феноменалды тұлға, ол соңғы күндеріне дейін халыққа, ғылымға қызмет етті. Оның еңбектері мен жетістіктері қазақстандық ғылымда елеулі із қалдырды.

Skip to content