Ғылым мен білімнің интеграциясы. М.А. Айтхожин атындағы МББИ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен және С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен келісімге қол қойды.
Бүгін, 2022 жылғы 2 ақпанда Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының форумы барысында жетекші университеттер мен ҒЗИ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Іс-шараға қатысқан білім министрі Асхат Аймағамбетов бұл қадам біздің елімізде ғылым мен білімді біріктіруге көмектесетінін атап өтті.
Уағдаластықтарға сәйкес университеттер мен ҒЗИ бірлескен зерттеулер жүргізіп, кадрлар даярлау бойынша жұмыс жүргізетін болады, бұл білім беру ортасында ғылыми зерттеулер нәтижелерін қолдануға мүмкіндік береді, жоғары оқу орындары шығаратын мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Студенттерге ғылыми білім беру мақсатында ғылыми-зерттеу институтының 300-ден астам ғалымы ғылыми жобалар мен диссертацияларды рецензиялайтын және жетекшілік ету мақсатында лекторлар мен оқытушылар ретінде тартылатын болады. Магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларына, сондай-ақ ҒЗИ қызметкерлерінің жоғары оқу орындарының зертханаларына қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.
Бүгінгі күні М.А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен келісімге қол қойды.
М.А. Айтхожин атындағы МББИ қазірдің өзінде РФ ДСМ В.А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығы, Қазақстан-Ресей медициналық университеті, Астана медицина университеті, сондай-ақ «Ғылым қоры» АҚ, «Тетис» қоғамдық бірлестігі, Микроорганизмдердің республикалық коллекциясы сияқты жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттарымен жасалған шарттар аясында жасалған шарттар шеңберінде белсенді ынтымақтастық орнатып жатқанын атап өткен жөн.