ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ИНСТИТУТҚА ЖҰМЫС САПАРЫ

2023 жылдың 18 шілдесінде М.А.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтына Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы Сәкенов Олжас Берлесұлы және орталық басқарма төрағасының орынбасары Молжігіт Жалғас Берікұлы келді. Сапардың мақсаты – ИМББ қызметкерлерімен кездесу, ғылыми орталықтар мен университеттерде шетелде білім алуға және тағылымдамадан өтуге қатысты барлық мәліметтерді нақтылау болды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында жыл сайын қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін 500 грант бөлінеді. Бұл мемлекеттің қолдауымен ғылыми саланың барша қызметкерлеріне біліктіліктерін арттыруға, тәжірибелерін үйренуге, халықаралық байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік.

Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдері жас ғалымдарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Олар үміткерлерге қойылатын талаптарды, өтініш берудің егжей-тегжейлері мен оларды таңдауды түсіндірді. Ғалымдарға «Болашақ» бағдарламасына қойылатын талаптарға енгізілген өзгерістер туралы айтып, ғылыми идеяларын жүзеге асырудың бірегей мүмкіндігін пайдалана отырып, байқауға белсенді қатысуға шақырды.

Кездесу нәтижелі болды, ғалымдар бағдарламаға сәтті қатысу үшін өз білімдері мен тәжірибесін қалай жақсы көрсету керектігін түсінуге көмектескен құнды кеңестер мен ұсыныстар үшін алғыстарын білдірді.

2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша «500 ғалым» жобасы аясында ИМББ қызметкері Аяз Белқожаев ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама молекулалық биология және биоинформатика саласындағы жетекші зертханалардың бірі – Өмір туралы ғылымдар саласындағы өнеркәсіппен өзара әрекеттесу зертханасында, Ливерпуль университетінің трансляциялық медицина институтында өтті. Жас ғалым Ұлыбританияның зерттеушілерімен бірлесе отырып, молекулалық деңгейде нейродегенеративті аурулардың негіздерін зерттеді.

Show More
Close
Skip to content