Алматы қаласында М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының 40 жылдығына арналған Жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтті

Алматы қаласында «Молекулалық биология, биохимия, биотехнология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер» атты М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының 40 жылдығына арналған жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Гибридтік форматта – оффлайн және онлайн режимінде өткен конференцияға Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан ғалымдары қатысты.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияға қатысушыларға жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау бейне үндеу жолдады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Дальтонқызы Закарья құттықтау хатын жолдады, ал ҰҒА-ның вице-президенті Ералиева Ләззат Тасболатқызы құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Густав Русси институтының (Франция) ДНҚ репарация тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі Сапарбаев Мұрат Қалиұлы бейне үндеу түрінде сөз сөйледі. Барлық құттықтау сөздерде қазақстандық ғылымды дамытудың және болашақта елдегі қоғамдық прогрестің қуатты қозғалтқышы ретінде ғылыми кадрларды даярлаудың маңыздылығы атап өтілді.

М.А. Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының тарихы, ғылыми жетістіктері және даму болашағы туралы пленарлық баяндамамен  институттың бас директоры, профессор Қ.О.Шарипов сөз сөйледі.

Ғылыми ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету үшін конференцияға Айтхожин Мұрат Әбенұлының әріптестері, институт ардагерлері: Дарқанбаева Галина Темірқызы, Азимұратова Рамзия Жұбанқызы, Неретина Надежда Васильевна, Тойбаева Қарлығаш Әмірқызы және т.б. шақырылды. Институттың құрылуы, жетістіктері мен есте қалған оқиғалары туралы естеліктерімен бөлісті, аға буынның жас ғалымдарға қалдырған ғылыми негізді құрметтеп, бағалай білуінің маңыздылығын атап өтті.

Конференцияға қонақ ретінде шақырылған Oregon Health & Science University Жасуша және гендік терапия орталығының профессоры Шухрат Миталипов «Тері жасушаларын жұмыртқа мен сперматозоидқа тікелей қайта бағдарламалау» тақырыбында баяндама жасады. Профессор Миталипов бірнеше беделді ғылыми журналдар – Nature, Science, Time, Discover және National Geographic-тің бағалауы бойынша ең танымал жаңалық ашқан әлем ғалымдарының ондығына кіреді.

Тағы бір тамаша эволюционист-ғалым, даму биологиясы саласындағы маман, Лондон Империал Колледжінің ғылыми тобының жетекшісі, Ұлттық табиғи тарих мұражайының қызметкері – Архат Әбжанов «In your face: exploring morphology, evolution and development of the skull» тақырыбында онлайн баяндама жасады.

Секциялық отырыста төмендегідей ұйымдардың атынан қатысқан жас ғалымдардың баяндамалары тыңдалды: РҒА «Биотехнология негіздері» Федералдық ғылыми орталығы, Мәскеу, Ресей; Ұлттық биотехнология орталығы, Астана, Қазақстан; «А.В. Жирмунский атындағы Ұлттық ғылыми теңіз биологиясы орталығы» РҒА Қиыр Шығыс филиалы, Владивосток, Ресей; В.А. Энгельгардт атындағы молекулалық биология институты РҒА, Мәскеу, Ресей; Орталық ботаникалық бақ, Баку, Әзірбайжан; Кентербери Крист Черч Университеті, Ұлыбритания; Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты, Алматы, Қазақстан; РҒА СБ Химиялық биология және іргелі медицина институты, Новосибирск, Ресей; Бүкілресейлік дәрілік және хош иісті өсімдіктер институты, Мәскеу, Ресей; Ұлттық зерттеу университеті ITMO, Санкт-Петербург, Ресей; Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Өскемен, Қазақстан; М.А.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты, Алматы, Қазақстан. Барлық баяндамалар мазмұнды, тәжірибе алмасу үшін пайдалы болды және қызу пікірталас тудырды.

Конференция нәтижесінде молекулалық биологияның, биохимияның, биомедицинаның, биотехнологияның өзекті мәселелерін шешу үшін жаңа ғылыми-шығармашылық байланыстар мен ынтымақтастықтар орнатуға ықпал ететін форумның сөзсіз ғылыми маңыздылығы атап өтілген, ел экономикасының жоғары технологиялық секторына ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу ретінде Резолюция қабылданды.

Show More
Close
Skip to content