М.А. АЙТХОЖИН АТЫНДАҒЫ МОЛЕКУЛАЛЫҚ БИОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОХИМИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ «ЖАС ҒАЛЫМ» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

2023 жылдың соңында Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, ғылыммен айналысатын жас ғалымдарға ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосқан болатын.

М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты Биотехнология және молекулалық генетика зертханасының кіші ғылыми қызметкері, жас ғалым Рахатқызы Ақбота жаңа пәтердің иесі атанды және жақын арада қоныс тойын атап өтпек.

«Бастапқы жарна 10%, ал жылдық мөлшерлеме 5%-ға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін беріп отырған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен көмек әрі мотивация! Жаңа үйден екі бөлмелі пәтердің кілтін алып, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Енді өзімнің жеке пәтерім бар!», – деді Ақбота Рахатқызы.

Рахатқызы Ақбота ғылыми жоба аясында М.А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының ғалымдарымен бірлесіп «Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында фитопатогендерді бақылаудың биотехнологиялық тәсілдерін әзірлеу» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетейік, бағдарламаға ғылыми зерттеулерді, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын, магистр дәрежесінен төмен емес және ғылыми-зерттеу жұмыс өтілімі кемінде 3 жыл болуға тиіс жас ғалымдар қатыса алады.

Show More
Close
Skip to content