Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған жас ғалымдар конгресі

Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Жас сәтбаевшылар» атты I Қазақстан жас ғалымдарының конгресі өтті.

Бұл маңызды шарада отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Конгреске еліміздің жетекші жас ғалымдары мен сарапшылары қатысып, Қазақстан ғылымының болашағы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, жас ғалымдардың заманауи инновациялық әзірлемелері мен жобалары таныстырылып, олардың тәжірибелері мен жетістіктері ортаға салынды.

М.А. Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының жас ғалымдары Тезекбаева Ботакоз Кульбаевна, Рахатқызы Ақбота, Бакытжанова Жибек Нурланкызы, Манкеева Сымбат Азатқызы Жас ғалымдардың заманауи инновациялық әзірлемелерінің көрмесінде «Вируссыз in vitro және ex vitro өсімдіктер» және «Вируссыз in vitro-дағы алма және құлпынай өсімдіктері» атты өздерінің ғылыми жобаларын көпшілікке таныстырды.

Бұл зерттеулер өсімдіктерді сауықтыру және ауыл шаруашылығында биотехнология саласын дамытуға үлкен үлес қосады. Жас ғалымдарымыздың мұндай жетістіктері отандық ғылымның дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Ғалымдарымызды шын жүректен құттықтай отырып, оларға шығармашылық табыстар мен жаңа ғылыми белестерді бағындыруларына тілектеспіз!

Skip to content